Алғашқы аяздар келгенде, су айдындары мұзбен жабылады — мұз қатты болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде өлімге әкелетін қауіп төндіреді. Әлеуметтік педагог К. Т. Андағұлова 5-11 сынып оқушылары үшін «Абайлаңыз: Жұқа мұз!» атты профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Негізгі мақсат оқушыларға күз және қыс айларында суға жақын жерде қауіпсіздік ережелерін еске салу және төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуді үйрету болды.
Қауіпті қалай анықтауға болады? Қалыңдығы кемінде 10 см болатын, жасылдау немесе көгілдір реңкті мұз, әдетте, бір адам үшін қауіпсіз деп саналады. Ал түсі күңгірт ақ немесе сарғыш тартқан мұз өте сенімсіз болады.
Жағалауға жақын, қамыс немесе бұталар өскен жерлерде, қалың қар астында, сондай-ақ су ағысы қатты немесе су асты бұлақтары бар тұстарда жүру ерекше қауіпті.
Қараңғы түскен кезде мұз үстіне шығуға, оның беріктігін аяқпен тебу арқылы тексеруге, бір жерге көп адам болып жиналуға, сондай-ақ арнайы белгіленбеген жерлерде коньки тебуге немесе шанамен сырғанауға мүлдем болмайды.
Оқушылар мұз ойығынан дұрыс шығу жолдарын (сабыр сақтау, қолды жан-жаққа кең жаю, мұз үстіне кеудемен шығу және келген бағытқа қарай домалап кету) және өзіне қауіп төндірмей, басқа біреуге қалай көмектесу керектігін (шарф, белдік, ұзын таяқ немесе тақтай қолдану, сондай-ақ тек еңбектеп жақындау) қарастырды. Төтенше жағдайлар қызметінің бірыңғай нөмірі — 112.
Оқушыларға «Күзгі және қысқы кезеңдерде су айдындарындағы мінез-құлық ережелері мен қауіпсіздік шаралары» деп аталатын буклеттер таратылды.






